Теологтар халықпен тіл табысудың жаңа тәсілдерін меңгерді
Түркістанда дін саласы мамандарының кәсіби шеберлігін арттыруға арналған оқу-тренингі өтті.

Облыстық Достық үйінде ұйымдастырылған жиынның басты мақсаты – халықпен түсіндіру жұмыстарының сапасын көтеріп, теологтардың қоғаммен байланыс орнату дағдыларын жетілдіру.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық дін істері басқармасының басшылығы мен мамандары, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ қызметкерлері, қала-аудан әкімдіктерінің дін саласына жауапты мамандары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірлік өкілдері, мешіт имамдары, әйелдер секторының мүшелері, психологтар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Тренинг барысында көпшілік алдында еркін сөйлеу, аудитория назарын ұстай білу, күрделі сауалдарға нақты әрі сауатты жауап беру, пікірталас жүргізу мәдениеті мен сенімді қарым-қатынас қалыптастыру жолдары тәжірибелік сабақтар арқылы түсіндірілді. Қатысушылар түрлі жағдаяттарға негізделген тапсырмаларды орындап, өзара тәжірибе алмасты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқу бағдарламалары дін саласы мамандарының кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай, қоғамдағы түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға, ел ішіндегі тұрақтылық пен өзара сыйластықты нығайтуға ықпал етеді.
Алдағы уақытта осы бағыттағы оқу-тренингтері тұрақты түрде жалғасып, теологтар мен ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің біліктілігін жетілдіруге басымдық беріледі.



