Түркістандағы жаңа демалыс орны

Түркістанда ірі туристік жобалардың бірі саналатын «Turan» аквапарк-су саябағының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыстардың барысымен танысты.

«TURAN» арнайы экономикалық аймағында салынып жатқан нысанда бүгінде 160 жұмысшы тәулік бойы еңбек етуде. Жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Инвесторлардың мәліметінше, алғашқы кезең осы жылдың тамыз айында аяқталып, келушілерге есігін ашады.
Аквапарк пен туристік-сауықтыру кешенінің құрылысы биыл наурыз айында басталған. Жалпы аумағы 11,7 гектарды құрайтын нысан толық іске қосылған кезде жылына 200 мыңға дейін турист қабылдай алады.

Құрылыс алаңын аралаған облыс әкімі бұл жобаның Түркістан туризмін дамытудағы маңызы ерекше екенін атап өтті.
– Жыл сайын Түркістанға келетін туристер саны артып келеді. Бұл аквапарк та өңірдің танымал туристік орындарының біріне айналып, еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келетін қонақтарды тартуы тиіс. Сондықтан құрылыс сапалы әрі уақытында аяқталуы қажет, – деді Нұралхан Көшеров.

Жоба инвесторы – «Turkistan Onelee Cultural Tourism Investments Co.Ltd.» компаниясының директоры Яньтао Ли өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтып, жергілікті билікке алғысын білдірді.
Жоба толық жүзеге асқанда 67 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бірінші кезеңде қабылдау және тіркеу аймағы, киім ауыстыратын бөлмелер, шомылу орындары мен су аттракциондары пайдалануға беріледі. Сонымен қатар айналмалы аквапарк іске қосылады.

Ал екінші және үшінші кезеңдерде отбасылық демалыс аймағы, қонақ үй, мейрамхана, әлемдік стандарттарға сай су аттракциондары мен алып толқын бассейндері салынады. Құрылыс жұмыстарының толық аяқталуы 2028 жылға жоспарланған.


