
Түркістан қаласында туристер мен қала қонақтарына арналған заманауи «Red Bus» экскурсиялық автобусы ресми түрде іске қосылды. Жаңа жобаның жұмысымен және тиімділігімен алғашқылардың бірі болып қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы танысты.

«Smart Shuttle Bus Turkistan» деп аталатын бұл жоба қаланың ең негізгі туристік және әлеуметтік нысандарын бір бағытқа біріктіреді. Енді қонақтар әуежайдан түскен бойда осы автобуспен Әкімшілік-іскерлік орталықты, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Керуен-сарайды, Этноауылды және өзге де көрікті жерлерді аралай алады.

Сыйымдылығы 65 орынға арналған алып «Red Bus» автобустары жолаушыларға барынша жайлы жағдай жасаған. Ішінде тегін Wi-Fi, салқындатқыш (кондиционер) және телефон қуаттайтын USB құрылғылары бар. Туристер үшін үш тілде сөйлейтін аудиогид қызметі қосылған. Билет құны: балаларға – 2 000 теңге, ересектер үшін – 3 000 теңге (бағаның ішіне трансфер мен гид қызметі кіреді).

Автобусқа міну үшін ұзын-сонар кезекке тұрудың қажеті жоқ. Жоба аясында QR-код арқылы билет сатып алу, 1 және 3 күндік «Turkistan Pass» жүйесі енгізілген. Сондай-ақ Telegram және WhatsApp чат-боттары арқылы автобустың қай жерде келе жатқанын онлайн картадан GPS арқылы бақылап отыруға болады.
Автобустар күн сайын Визит центр автотұрағы мен Керуен сарай алдынан сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін әр 15–20 минут сайын жүріп тұрады. Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы жаңа көліктің қауіпсіздігі мен сервисін жоғары бағалап, бұл жоба Түркістанның туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.



