Мақтаарал «қазақстандық Дубайға» айнала ма?
Шекарадағы алып зауыт бүкіл өңірді асырайды

Мақтааралда май шығаратын алып зауыт іске қосылмақ, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Түркістан облысының ең оңтүстік нүктесінде индустриялық революция басталды. Арнайы экономикалық аймақта құны 5,8 миллиард теңге болатын «Мақтаарал XingFeng» ЖШС-ның заманауи зауыты бой көтеріп келеді. Кәсіпорын іске қосылғанда өңірдегі мақта мен өсімдік майы тапшылығы мәселесін түбегейлі шешеді деп күтілуде. Аталған жобаға 5,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Құрылыстың I кезеңі 70%-ға аяқталған. Енді 40-тан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.

Зауыттың ерекшелігі, оның географиялық орналасуында. Шикізат көзінің (мақта алқаптарының) дәл қасында орналасуы өнім бағасын арзандатып, бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Сонымен қатар, ауданға тартылып жатқан жаңа теміржол желісі бұл майды көрші елдерге экспорттауға жол ашпақ.

Қазіргі таңда зауытта заманауи құрал-жабдықтарды монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мақтааралдық майдың нарыққа шығар күні алыс емес.



