Басты жаңалықтар

Алыптар айқасы

Қажымұқанның 155 жылдығында не болды?

Ордабасы ауданында бұрын-соңды болмаған ірі спорттық айқас аяқталды. Қазақ халқының аты аңызға айналған алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толуына орай ұйымдастырылған қазақ күресінен республикалық турнир нағыз сенсацияға айналды. Үш күнге созылған белдесулерде кімнің бағы жанды?

Темірлан спорт кешенінде өткен байрақты бәсекеге Қазақстанның әр өңірінен 200-ге жуық ең таңдаулы балуан жиналды. Жарыстың ашылуына аудан әкімі Азат Оралбаев бастаған құрметті қонақтар қатысып, бұл шараның жастар рухын көтерудегі маңызы зор екенін атап өтті.

«Қажымұқан Мұңайтпасұлының өнегелі өмір жолы мен қайсар рухы өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі. Біз бұқаралық спорт пен ұлттық өнерді насихаттауды басты орынға қоямыз» — деді, аудан әкімі Азат Оралбаев.

Жарыстың ең қызықты сәті – тек боз кілемдегі белдесулер емес, Қажымұқан музейінен арнайы әкелінген тарихи көрме болды. Көпшілік аңыз балуанның өз қолымен ұстаған құнды дүниелерін өз көзімен көріп, таңдай қағысты.

Үш күн бойы созылған аяусыз әрі тартысты белдесулердің нәтижесінде өз салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа таққан чемпиондар анықталды.

Бұл турнир қазақ күресінің мәртебесін асқақтатып, Ордабасы тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын ерекше оқиға болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button