
Түркістан облысының Жетісай ауданында бақша өнімдерін жинау науқаны дүрілдеп жүріп жатыр. Небәрі жеті күннің ішінде егістіктен 200 тоннадан астам тәтті қарбыз жиналып, еліміздің ірі мегаполистері мен Ресей нарығына жөнелтіле бастады. Ерте піскен өнімге деген сұраныс өте жоғары.

Диқандар қарбыз егу көлемін өткен жылғы деңгейде (3 мың гектар) сақтап қалса да, өнімділік айтарлықтай артқан. Мұның басты себептері, ағын судың қажетті мөлшерде және уақытылы берілуі. Заманауи агротехнологияларды тиімді қолдану.

Шаруалар алдағы күндері жиын-терін қарқынын одан ары үдетіп, ішкі және сыртқы нарықты сапалы өніммен толтыруды әрі экспорт көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, биыл жетісайлық диқандар 80 мың гектарға жуық суармалы алқаптың 44 мың гектарына мақта, ал 17,1 мың гектарына бақша дақылдарын еккен.

Бұл науқан ауданның ауыл шаруашылығына серпін беріп, жергілікті тұрғындарды маусымдық тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.



