Басты жаңалықтар

Енді шикізат сатылмайды

Түркістан Ресей мен Еуропаны жаулайтын алып зауыт салады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытайға жасаған сапары жемісін берді. Өңірде жалпы құны 8,5 миллиард теңгені құрайтын, түсті металдарды терең өңдейтін және кабель шығаратын алып зауыт салынады. Бұл туралы Түркістан қаласында Қытайдың жетекші Henan Sulipu Cable Co., Ltd. компаниясы өкілдерімен өткен маңызды кездесуде белгілі болды, деп хабарлайды Turkistan Life тілшісі.

Жаңа жоба Түркістанды Орталық Азия, Ресей және Еуропа нарығына өнім шығаратын ірі индустриялық хабқа айналдырмақ. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, аймақ тек шикізат тасумен шектелмей, дайын өнім шығаруға көшеді.

«Біздің мақсатымыз – қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндірістерді дамыту. Түркістан облысына инвестиция салу арқылы инвесторлар Қазақстан нарығымен қатар көршілес алпауыт елдердің нарықтарына шығу мүмкіндігіне ие болады. Біз әрбір инвесторға барлық жағдайды жасауға дайынбыз», – деді облыс басшысы.

Қытайлық инвесторлар қаржыландыратын алып кәсіпорын екі кезеңмен іске қосылады. І кезең: Кабель және түсті металл (мыс, жез, алюминий) өнімдерін шығаратын заманауи зауыт құрылысы. Мұнда тәулігіне 30 тонна таза мыс өңделіп, күніне 30 мың метр кабель мен электр сымдары шығарылады. ІІ кезең: Жылына 15 мың тонна өнім беретін, экологиялық қауіпсіз технологиямен жабдықталған қорғасын-мырыш оксидін өндіретін жоғары технологиялық кешен бой көтереді.

Бұл жоба аймақта жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бюджеттің кірісін еселеп арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда тараптар зауыттың орналасатын жері мен инфрақұрылым мәселелерін пысықтап жатыр. Кәсіпорын Арнайы экономикалық аймақ (АЭА) аумағында жеңілдіктермен жұмыс істеуі мүмкін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button