Басты жаңалықтар

Вакцинасы жоқ вирус

Шетелге саяхаттауды жоспарлап жүрсіз бе? Онда бұл ақпаратты ескерген жөн.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада таралған Эбола індетіне байланысты халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай жариялады.

Мамандарды алаңдатып отырғаны — вирустың сирек кездесетін Bundibugyo штаммы. Қазіргі таңда оған қарсы нақты ем де, арнайы вакцина да жоқ.


Эбола вирусы ауа арқылы таралмайды. Бірақ жұқтырған адамның қаны мен биологиялық сұйықтықтары арқылы тез беріледі. Сондай-ақ вирус жұқтырған жануарлармен байланыс та аса қауіпті.


Мамандар сапар алдында баратын елдегі эпидемиологиялық жағдайды тексеруге кеңес береді. Әсіресе Африка елдеріне бағыт алған азаматтар жеке бас гигиенасына мұқият болуы тиіс. Қолды жиі жуып, антисептик қолдану, қауіпсіз су ішу және толық піспеген тағамнан бас тарту — басты сақтық шараларының бірі.

Аурудың белгілері де қауіпті. Дене қызуы көтеріліп, қатты әлсіздік пайда болады. Бас пен бұлшықет ауырып, жүрек айну, құсу, іш өту секілді белгілер байқалады. Кей жағдайда ішкі ағзалардың жұмысы бұзылып, қан кетуі мүмкін.

Дәрігерлер індет тіркелген аймақтарға сапарды уақытша шектеуге шақырады. Ал шетелден оралғаннан кейін денсаулықты бақылауда ұстап, қандай да бір белгі байқалса дереу дәрігерге қаралу қажет. Ең бастысы — сапар фактісін жасырмау.

Бір сәттік немқұрайлылық денсаулыққа үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Ал сіз сапар кезінде қауіпсіздік ережелерін қаншалықты сақтайсыз?

Басқа жаңалықтар

Back to top button