
Қазақ халқы үшін ит – жай ғана жануар емес, тұрмыс пен мәдениеттің ажырамас бөлігі, бағзыдан жеткен жеті қазынаның бірі. Жақында Түркістан қаласында өткен бірегей көрме көшпенділер тарихының осы бір қызықты парағын қайта тірілткендей болды.

«Жеті қазынаның бірі – ит» атауымен ұйымдастырылған бұл шарада түркі дүниесіне тән ең сирек әрі асыл тұқымды иттер жұртшылық назарына ұсынылды.

Көрменің басты ерекшелігі – мұнда әр халықтың мақтанышына айналған, бірақ күнделікті өмірде көпшілік көре бермейтін бірегей тұқымдардың басы қосылды. Олардың әрқайсысының өз міндеті мен тарихы бар.

Көрмені тамашалауға келген қонақтардың қатарында ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да болды. Ол экспозицияны аралап, түркі халықтарының ортақ құндылықтарын сақтау мен дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.

Айта кетейік, бұл ауқымды мәдени шара Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті қарсаңында ұйымдастырылған болатын.
Осылайша, бауырлас елдердің басқосуы тек саяси бағытта ғана емес, ортақ тарих пен дәстүрді ұлықтау тұрғысынан да ерекше мәнге ие болды.



