Көпке үлгі 11 жасар чемпион
Түркістандық Назерке Болатбек Ташкенттен күміс жүлдемен оралды

Үстел теннисіндегі кішкентай жұлдызымыздың жарқырайтын кезі келді. Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында үстел теннисінен беделді “WTT Youth Contender Tashkent 2026”халықаралық турнирі аяқталды. Дәл осы додада Түркістан облысының намысын қорғаған Назерке Болатбек тағы да ел сенімін ақтап, тұғырдан көрінді.
U-11 (11 жасқа дейінгі) санатында өткен тартысты бәсекеде Әзірбайжан, Түрікменстан, Қазақстан және Өзбекстаннан келген ең үздік, ең пысық 23 спортшы қыз бақ сынады. Әр ойын – нағыз жүйке мен шеберліктің сынағы болды. Бірақ біздің Назерке сыр берген жоқ. Ол өзінің асқан шеберлігі мен жеңіске деген құштарлығының арқасында қарсыластарын шаң қаптырып, жүлделі ІІ орынды иеленді.
Егер бұл Назеркенің алғашқы табысы деп ойласаңыз, қателесесіз. Бұл кішкентай қыздың мінезі де, спорттық қоржыны да өте салмақты. 2025 жыл Катарда өткен «WTT Youth Contender Doha» турнирінде Бас жүлдені (І орын) жеңіп алып, әлемді таңғалдырды. 2026 жылдың басында тағы да Катарда өткен дәл осындай ірі халықаралық жарыста үшінші орынға тұрақтаған.
Өзінің 11 жасында еліміздің Көк туын халықаралық аренада асқақтатып жүрген жас спортшымыз бен оның бапкерлерін мақтан тұтамыз.



