140 мың қазақстандық жұмысқа орналасты
Қазақстанда биыл жұмыспен қамту шаралары қарқын алды.

2026 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанда 140,8 мың адам жұмысқа орналасты. Ал жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шаралармен 101,3 мың азамат қамтылған.
Ең көп сұраныс субсидияланатын жұмыс орындарына түскен. Қазірдің өзінде 50,6 мың адам осындай бағдарламаларға жолданды. Оның ішінде 37,6 мыңы қоғамдық жұмыстарға, 5,4 мыңы әлеуметтік жұмыс орындарына, 2,7 мың жас маман жастар практикасына жіберілсе, 4,9 мың адам «Күміс жас» жобасы арқылы еңбекке араласқан.
Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге де басымдық берілуде. Онлайн оқумен 31,7 мың жұмыссыз азамат қамтылып, оның 25,1 мыңы сертификат алған.
Кәсіп бастауға арналған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 16,9 мың адам білім алып, 7,3 мың қатысушы оқуын аяқтады. Сонымен қатар жұмыс берушілер сұранысына сай 2 119 адам кәсіптік оқуға жіберілген.



