Саммиттен кейін не өзгереді?
Сарапшы саммиттен кейінгі экономикалық серпіліс пен цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарын болжады

Түркістанда өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті бауырлас елдердің ынтымақтастығын жаңа белеске көтерді. Turkestanlife.kz тілшісіне берген сұхбатында сарапшы Адильхан Гадельшиев бұл кездесудің экономикалық маңызы мен технологиялық мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.
Сарапшының пікірінше, биылғы саммит нақты жобаларды іске асырудың бастауы болмақ. Әсіресе, заман талабына сай IT-технологиялар, жасанды интеллект және цифрландырусаласындағы ортақ бастамалар түркі әлемінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
«Бұл саммит көптеген оң нәтижелер береді деп ойлаймын. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер — технологиялық трансформация. Біз ұйымның әр қадам сайын эволюциялық жолмен дамып келе жатқанын көріп отырмыз», — деді Әділхан Әділшиев.
Сарапшы ұйымның құрылу тарихына тоқтала отырып, оның өткен жолына қысқаша шолу жасады. 1992 жылы негізі қаланған бірлестік бүгінде халықаралық аренада өз орны бар, құрылымдық тұрғыдан нығайған қуатты күшке айналған.
«Отыз жылдан астам уақыт ішінде ұйым ресми, жүйелі және өз күн тәртібі бар ықпалды орталыққа айналды. Мұның айқын дәлелі — өткен жылы Самарқанд саммитінде Түркі инвестициялық қорының құрылуы. Бұл ұйымның тек саяси емес, нақты экономикалық тетіктерді іске қоса бастағанының көрсеткіші», — деп атап өтті спикер.
Көлік дәліздері мен сауда қатынастарының кеңеюі бизнес өкілдері мен қатардағы азаматтар үшін жаңа есіктер ашатыны сөзсіз. Сарапшының пайымдауынша, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы интеграциялық процестер тауар айналымын арттырып, мүше мемлекеттердің экономикалық байланысын бекемдей түспек.
Түйіндей айтқанда, Түркістан саммиті түркі дүниесінің бірлігін паш етіп қана қоймай, ортақ экономикалық және цифрлық болашақтың іргетасын қалап отыр.



