Басты жаңалықтар

Ғасыр жасаған Гвардияшы

19 жасында соғысқа аттанған Эрмохан ақсақалдың өнегелі ғұмыры

1923 жылдың 1 қаңтары. Дәл осы күні Ташкент облысының Калинин ауданында кейіннен майдан даласында аңызға айналатын Эрмохан Ишхонов дүниеге келген еді. Небәрі 19 жасында, 1942 жылдың мамыр айында қолына қару алып, сұрапыл соғысқа аттанған бозбаланың тағдыры от пен оқтың ортасында шыңдалды. Эрмохан ақсақал сұрапыл соғыстың тірі куәгері. Оның кеудесіндегі жарқыраған марапаттар әрбір ерлігінен сыр шертеді: І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «КСРО Гвардиясы» белгісі, «Ерлігі үшін» медалі мен Украинаны азат ету жолындағы еңбегі үшін берілген марапаттар.

Бүгінде абыз ақсақал үлкен бір әулеттің алтын діңгегі. Соғыстан аман оралып, бейбіт күнде тер төккен қарияның артында өсіп-өнген ұрпағы бір ауылдың жүгін арқалағандай. Ардагер 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың қызығын көріп, 53 немере, 79 шөбере және 19 шөпшексүйіп отырған бақытты ата.

Осындай ғасыр куәгеріне құрмет көрсету — кейінгі ұрпақтың парызы. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Кездесу барысында, облыс әкімінің атынан арнайы құттықтау хаты мен сый-сияпаты табысталды. Мемлекет тарапынан биыл ардагерге 5 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының көзі тірі 3 ардагері ғана қалды. Олар Сайрам, Сарыағаш және Жетісай аудандарында тұрады. Сондай-ақ өңірде 1 462 соғыс қатысушыларына теңестірілген азамат пен 2 082 тыл ардагері бар. Олардың барлығына заң шеңберінде тиісті әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button