Басты жаңалықтар

Қауіптен қашпайтын маман

Төтенше жағдайлар қызметі — екінің бірі таңдай бермейтін мамандық. Себебі бұл салада күн сайын қауіппен бетпе-бет келесің.

Біреулер қауіптен қашса, енді біреулер сол қауіптің дәл ортасына адамдарды құтқару үшін кіреді. Түркістан қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Асылжан Әбдіқадырұлы Мұрат осындай жандардың қатарында. Ол бұл салада 21 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Құтқарушының айтуынша, бұл мамандыққа оны ең алдымен қызығушылығы алып келген.

— «2006 жылы Түркістан қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне қызметке орналастым. Алғашында өрт сөндіруші болдым. 2015 жылдан бері бөлімше командирі қызметін атқарамын. Жалпы биыл осы салада жүргеніме 21 жыл болды. Өзімнің қызығушылығыммен келдім. Алдында таныс жігіттер жұмыс істейтін. Солардан көріп, халыққа қызмет еткім келді», — дейді ол.

21 жыл ішінде маман талай күрделі жағдайды бастан өткерген. Қалың түтін, тілсіз жаумен арпалыс, адам өмірі үшін секундпен санасқан сәттер — оның күнделікті қызметінің бір бөлігіне айналған.

Құтқарушы жадында ерекше сақталған оқиғалардың бірі — өрт ішінен қарт кісіні алып шыққан сәт.

— «Үлкен өрттердің бірінде үй жанып жатты. Сол кезде үйдің иесі, жасы үлкен ақсақал кісі, “затымды алып шығам” деп қайтадан үйге кіріп кетіпті. Біз жеткенде іште қалып қойған екен. Үстінен пластик еріп тамып жатқан. Киімі де жана бастаған. Сол кісіні өрттің ішінен алып шықтым», — деп еске алады бөлімше командирі.

Оның айтуынша, бұрын Түркістанда ауыз суға арналған құдықтар көп болған. Кей кездері адамдар абайсызда сол құдықтарға құлап кетіп, құтқарушылар көмекке асығатын.

— «2007-2008 жылдары мұндай жағдайлар жиі кездесетін. Құдыққа құлап кеткен адамдарды алып шыққан кездеріміз болды», — дейді маман.

Қызмет барысында ірі өрттер де аз болмаған. Соның бірі — «Керуен-сарай» кешеніндегі оқиға.

— «Кәсіпкерлер заттарын алып шығамыз деп ішке кірмек болды. Бірақ ең маңыздысы — адам өмірі. Сондықтан оларды қауіпсіз жерге шығарып, ішке кіргізбеуге тырыстық», — дейді ол.

Өрт сөндірушінің жұмысы тек физикалық күшпен шектелмейді. Мұнда батылдықпен қатар суыққанды шешім қабылдай білу де аса маңызды. Себебі төтенше жағдай кезінде бір сәттік абыржу үлкен қауіпке әкелуі мүмкін.

— «Құтқарушыда сасқалақтау болмауы керек. Нақты әрі батыл шешім қабылдау қажет», — дейді маман.

Оның сөзінше, ең қауіпті сәттердің бірі — қалың түтіннің ішіне кіру.

— «Біз арнайы аппаратпен кіреміз. Бірақ кейде қою түтінде фонарьдың жарығы да көмектеспейді. Ондай кезде жол көрінбей қалады. Сондықтан арнайы троспен кіреміз. Сол арқылы кері шығамыз. Әйтпесе ішінде қалып қою қаупі бар. Әрқашан 3-4 адам болып кіреміз, бір-бірімізді тастап кетпейміз», — дейді ол.

Маман төтенше жағдай кезінде барлық қызметтің үйлесімді жұмысы маңызды екенін айтады.

— «Бізде өзара іс-қимыл жоспары бар. Жедел жәрдем қызметкерлері зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетеді, полиция қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ал біздің басты міндетіміз — өртті сөндіріп, адамдарды құтқару».

Құтқарушылар үшін уақыттың әр секунды маңызды.

— «Шақырту түскен сәттен бастап уақытпен жарысамыз. Киініп, техникаға отырып, оқиға орнына мүмкіндігінше тез жетуге тырысамыз. Өрт өте жылдам таралады», — дейді бөлімше командирі.

Ол алғашқы жылдары бұл қызметке үйрену оңай болмағанын жасырмайды.

— «Алғашқы бір-екі жылда үлкен өрттерді көргенде “қай жолға келіп қалдым?” деген ойлар болады. Бірақ уақыт өте келе шыңдаласың, үйренесің», — дейді ол.

49 жаста болса да, ол өзін әлі де сергек сезінеді. Жарыстарда жиі жүлделі орын алатынын мақтанышпен айтады.

«Соңғы 10 жылда түрлі жарыстарда жүлде алып келемін. Кейде 20 жастағы жігіттерден де жылдамырақпын», — дейді ол күліп. Мұны салауатты өмір салтының нәтижесі деп түсіндіреді.

Қауіпті мамандық иесінің артында әрдайым уайымдайтын отбасы тұрады. Дегенмен жылдар өте жақындары да бұл қызметтің жауапкершілігін түсінген.

— «Бастапқыда отбасы қатты уайымдайтын. Қазір үйренді. Жұмысқа шығарда амандық тілеп шығарып салады. Балаларым әкесінің құтқарушы болғанын мақтан тұтады», — дейді маман.

Бүгінде төтенше жағдайлар қызметінің техникалық мүмкіндігі де айтарлықтай жаңарған.

— «Қазіргі техникалар бұрынғыдай емес. КАМАЗ базасындағы арнайы өрт сөндіру көліктерінің мүмкіндігі өте жоғары. Су сыйымдылығы да үлкен. Заманауи құралдар өртті тез ауыздықтауға көмектеседі», — дейді ол.

Сонымен қатар мамандардың кәсіби дайындығына ерекше көңіл бөлінеді. Күнделікті оқу-жаттығулар ұйымдастырылып, қызметкерлердің біліктілігі тұрақты түрде жетілдіріліп отырады.

Сұхбат барысында бөлімше командирі тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын да еске салды.

— «Электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу керек. Газ құрылғылары мен пештердің ақаусыз екеніне көз жеткізу қажет. Ең бастысы — балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Өрттің көбі балалардың отпен ойнауынан немесе электр құралдарының қараусыз қалуынан шығады», — дейді ол.

Сондай-ақ ол төтенше жағдай кезінде уақыт жоғалтпай, бірден «101» немесе «112» нөміріне хабарласуға шақырды.

— «Өрт болған жағдайда өз бетінше әрекет етіп, уақыт жоғалтып алмау керек. Әр минут адам өмірін құтқаруда үлкен рөл атқарады».        

Көпшілік үшін өрт сөндіруші — арнайы киім киген маман ғана болуы мүмкін. Ал шын мәнінде, бұл — күн сайын өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін сақтап жүрген адамдар. 21 жыл бойы қауіппен күресіп келе жатқан маман үшін бұл жай ғана жұмыс емес, бұл — жауапкершілік пен адам өміріне деген адалдық.

Басқа жаңалықтар

Back to top button