Ұйқыны ұрлаған дорама
Қазір жастардың көбі корей сериалдарына жай ғана көрермен емес, біртіндеп байланып қалған аудиторияға айналды.

«Тағы бір серия ғана…» деп бастап, таңды қарсы алған кезің болды ма? Қазір жастардың көбі дәл осылай ұйқысын дорамаға айырбастап жүр. Бұл жай әуестік емес — бүкіл әлемді қамтыған мәдени толқын.
Әңгіме ашығын айтқанда қарапайым басталады. Біреу саған «мына дораманы көрдің бе?» дейді. Сен «жоқ» дейсің. Сосын бір серия қосасың. Сол бір серия — тұзақ.
Статистика да бекер емес. Netflix деректеріне қарағанда, корей контенті әлемдік көрілімнің шамамен 8–9 пайызын алып отыр. Бұл — жай қызығушылық емес, нақты тренд. Ал Korea Creative Content Agency мәліметі бойынша, корей сериалдарының экспорты жыл сайын өсіп келеді. Тіпті алпауыт платформалар миллиардтап ақша құйып жатыр.
Бұл феноменнің басты қозғаушы күші — жас аудитория. Көрермендер арасында «Squid Game»-нің жаңа маусымы, «Queen of Tears» (Көз жасы патшайымы) және «Love Next Door» сияқты дорамалар рекордтық көрілім сағаттарын жинап, жаһандық трендке айналды.
Қазақстандық жастар не дейді?
Ақжарқын Мықтыбекқызы , 21 жаста (Түркістан қаласының студенті):
Дорама — мен үшін демалыс. Онда бәрі әдемі, таза, сезімдер шынайы. Бір қарапайым қарағанның өзі жүрекке жетеді. Барлығы мінсіз өте әдемі сырт келмебеті киімдері маған өте қатты ұнайды.
Сүндет Басықара , 20 жаста (Түркістан қаласының тұрғыны):
Дорамаларды тек қыздар қарайды деген стереотип ескірген. Мен көбіне детектив, криминал немесе фэнтези жанрларын таңдаймын. Маған кәрістердің сюжетті өрбіту шеберлігі мен сценарийінің шиеленісі ұнайды. Соңына дейін не болатынын болжай алмайсың. Олардың мәдениеті, үлкенді сыйлауы және достыққа деген адалдығы да тәнті етеді.
Психологтардың пікірінше, қазіргі жастар күнделікті өмірдегі стресс пен ақпараттық жүктемеден қашу үшін дорамаларды «эмоционалды баспана» ретінде пайдаланады.
• Көрнекі эстетика: Түстердің үйлесімі, актерлердің мінсіз келбеті мен заманауи сәнді киімдері жастардың визуалды талғамына сай келеді.
• Ықшамдылық: Көптеген дорамалар 12 немесе 16 бөлімнен тұрады. Оқиға созылмай, нақты аяқталады, бұл жастардың уақытын тиімді жоспарлауына мүмкіндік береді.
Шын мәнінде, дорама — жай сериал емес. Ол сенің уақытыңды ғана алмайды, ол сенің көңіл-күйіңді, ойыңды, тіпті күн тәртібіңді өзгертеді. Басында сен оны ермек үшін қосасың. Кейін ол сенің күнделікті әдетіңе айналады.



