Басты жаңалықтар

Әсіпті кәсіп еткен Гүлжайна

Түркістанға келіп, базар аралап жүріп бір қызыққа тап болдым. Әдеттегідей әркім өз тірлігімен жүргендей көрінеді. Бірақ бір сәтте байқағаным — адамдардың көбі бір бағытқа қарай асығып бара жатыр.

“Не бар екен?” деген оймен мен де солардың ізіне ердім.

Тар көшелерден өтіп, базардың ішкі жағына қарай кірген сайын иіс те өзгере бастады. Бір жерден буы бұрқыраған, тәбетті ашатын иіс келеді. Сәл жүрген соң қарасам оң жағымда адамдар тамақтанып отыр, сол жағымда 30 жуық қазанда әсіп қайнап жатыр.

Сол сәтте аңғардым: Түркістанға келіп, базар араласаңыз, жұрттың бәрі бір тағамды сұрайды. Ол — әсіп. Бір қарасаң, қарапайым ғана ас. Бірақ сұранысына қарасаң — базардың нағыз “хиті”.

Сол сұраныстың артында 30 жылдан бері базарда еңбек етіп келе жатқан аспаз Гүлжайна Тәукебаева тұр. Ол соңғы 15–16 жыл бойы осы бір дәстүрлі тағамды кәсіпке айналдырып, күнделікті нәпақасын тауып отыр.

Гүлжайна апа саудадағы жолын 1994 жылы бастаған. Алғашында түрлі бәліштер пісірген ол уақыт өте келе сұранысқа қарай әсіп дайындауға көшкен. Бүгінде оның қолынан шыққан тағамды тек жергілікті халық емес, алыс-жақын өңірлерден арнайы келіп дәм тататындар да бар.

Көпшілік бұл тағамды ауыр қабылдайды деген түсінік болғанымен, Гүлжайна апа әсіптің асқазанға жеңіл, тіпті диеталық ас екенін айтады. Соңғы жылдары оған деген сұраныс артып, халықтың қызығушылығы да көбейген.

Әсіптің дайындалу жолы ерекше. Қой не сиыр ішегіне өкпе, қарын, ұлтабар салынып, күрішпен араластырылады. Бірақ ең қызығы — оны дайындауға 5–6 сағат кетеді.

Бағасы да халыққа ауыр емес — 800–1000 теңге аралығы. Кейде қалтасы жетпеген адамға 500 теңгеге де беріп жібереді.

Түркістанға жолыңыз түссе, базарға соғып көріңіз. Бәлкім, бір табақ әсіп сіздің бұл қалаға деген көзқарасыңызды өзгертіп жіберер.

Басқа жаңалықтар

Back to top button