Ит — адамның досы, қылмыстың қасы
Сөйлей алмайды, бірақ табады. Бір иіспен қылмыстың ізін анықтайдыы — Түркістан облысы кинологтары мен олардың қызметтік иттері.

Қылмыскер жасырына алады. Дәлел жоғалуы мүмкін. Бірақ иіс жоғалмайды. Сол иісті сөйлететіндер бар. Олар — Түркістан облысы Полиция департаментінің кинологтары мен олардың қызметтік иттері.
Погон таққан әр қызметкердің артында көзге көрінбейтін тағы бір жауынгер бар. Ол — қызметтік ит. Ал сол иттің әр қадамын, әр реакциясын, әр тынысын түсінетін адам — кинолог. Бұл екеуінің арасындағы байланыс бұйрықпен емес, сеніммен құрылады.

Абдразақов Мейіржан Уалханұлы
(инспектор-кинолог, полиция старшинасы) үшін бұл сала — жай жұмыс емес, өмірлік жол.
«Бұл қызметке келген әр адам алдымен арнайы дайындықтан өтеді. Екі айлық бастапқы оқудан кейін ғана нақты бағыттарға бөлінеміз. Кейін Алматы қаласындағы кинологиялық орталықта қайта даярлықтан өтеміз. Онда қызметкер де, ит те бірге дайындықтан өтеді. Есірткі іздеу, жарылғыш заттарды анықтау, ізбен адам табу — әрқайсысы жеке бағыт», — дейді ол.
Кинология — тек ит үйрету емес. Бұл — психология, төзімділік және толық сенім. Ит пен кинолог арасындағы байланыс күшік кезден басталады. Алты айдан бастап үйретілген ит кейін сегіз жылға дейін қызмет атқарады. Осы уақыт ішінде ол иесімен бір ритмде өмір сүреді.

Қызметтік иттердің де мінезі әртүрлі. Бірі — шапшаң әрі агрессивті, бірі — сабырлы әрі байсалды. Мінезіне қарай олардың қызмет бағыты да айқындалады.
«Холерик иттерді көбіне шабуыл бағытына дайындаймыз. Ал сангвиник пен флегматик иттер іздеу жұмыстарына бейім келеді. Әсіресе жарылғыш заттар мен есірткіні анықтауда олардың сабырлығы маңызды. Мұндай иттердің адамды тістеуіне жол берілмейді, өйткені олар теміржол вокзалдары мен әуежайларда халықпен тікелей жұмыс істейді», — дейді кинолог.

Бүгінде орталықта негізінен бельгиялық овчарка (малинуа) мен неміс овчаркалары қызмет етеді. Бұл тұқымдар төзімділігімен, үйренгіштігімен және жұмысқа бейімділігімен ерекшеленеді.
Кинологтың жұмысы жаттығумен ғана шектелмейді. Әр иттің өз паспорты мен ветеринарлық кітапшасы бар. Уақытылы екпе салынып, күтімі қатаң бақылауда ұсталады. Тамақтануы да ерекше назарда: күнделікті арнайы құрғақ азық берілсе, суық мезгілде қосымша күш-қуат үшін дәруменге бай тағамдармен толықтырылады.
Алайда бұл қызметтің ең күрделі тұсы — қауіппен бетпе-бет келу.

Абдразақов Мейіржан Уалханұлы есінде қалған бір оқиғаны былай еске алады:
«Жаңаөзенде бір қылмыскерді ұстау кезінде бізге қарсы 60-қа жуық адам шықты. Сол сәтте қызметтік итіміз бізді қорғап қалды. Үріп, ешкімді жақындатпай тұрды. Осы уақыт ішінде көмек келіп үлгерді. Егер ит болмағанда, жағдай мүлде басқаша өрбуі мүмкін еді».
Бұл — тек бір ғана жағдай. Ал мұндай тәуекелге толы сәттер кинологтар үшін күнделікті жұмыс.

Ал жас кинолог, полиция старшинасы Шатай Бекназар Ғалымбекұлы үшін бұл қызмет — тек міндет емес, жүрек ісі.
Ол өзіне бекітілген итімен 2023 жылдан бері бірге жұмыс істеп келеді. Күшік кезінен бастап баптап, бірге оқуға барған. Тіпті Алматы қаласында дайындықтан үздік нәтиже көрсетіп оралған.
«Менің итім есірткі іздеу бағыты бойынша жұмыс істейді. Жақында Кентау қаласының маңындағы ауылдық жерде арнайы операция кезінде өзі іздеп жүріп, есірткіге тән өсімдікті анықтап берді. Сол сәтте оның қаншалықты қабілетті екенін тағы бір рет түсіндім», — дейді ол.
Алайда оның әңгімесіндегі ең әсерлі тұс — қызмет емес, байланыс.
«Мен итімді қатты жақсы көремін. Ол да мені ерекше қарсы алады. Көрген кезде еркелеп, құшақтағандай болады. Кейде мені сағынғандай күйге түседі. Тіпті жұмысқа шықпасам, тамақ ішпей қояды. Әрине, барлық қызметтік ит ақылды. Бірақ мен үшін менің итім — ерекше».
Бұл сөздерде кәсіби міндеттен бөлек, шынайы ықылас пен сенім жатыр.
Қызметтік иттер шамамен сегіз жыл қызмет етеді. Осыдан кейін олар «зейнетке» шығарылады. Алайда оларды кез келген адам үйіне алып кете алмайды. Себебі бұл иттер — арнайы дайындықтан өткен, қауіпті жағдайларда әрекет етуге үйретілген жануарлар.

Сондықтан олар арнайы ветеринарлық орталықтарға жіберіліп, әрі қарай мамандардың бақылауында болады.
Бүгінде кинология саласы әлемде қарқынды дамып келеді. Түркістандық мамандар да шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, білімін жетілдіруде. Бұл — олардың кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.
Үнсіз қызметтің артында үлкен жауапкершілік жатыр. Ал сол жауапкершілікті арқалап жүрген кинологтар — қауіпсіз қоғамның көрінбейтін тірегі.



