Су қауіпсіздігі: ескерту көп, нәтиже аз
Түркістан облысында шомылу маусымы қарсаңында судағы қауіпсіздік мәселесі ушығып тұр.

ТЖД өкілдерінің айтуынша, шомылу маусымы қарсаңында өңірде тұрақты рейдтер жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан, кей азаматтар тыйым салынған жерлерде шомылып, өз өмірін қауіпке тігуде.
Мамандардың айтуынша, күн жылынған сайын балалар су жағасына жиі барады. Ал ата-аналардың бақылауы әлсіресе, оның соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

ТЖД мәліметінше, өңірде 8 қайғылы жағдай тіркелген. Оның ішінде 2 бала суармалы каналдарда, тағы 2 оқиға Келес және Машат өзендерінде болған. Бұдан бөлек, 2 жағдай жылыжай маңындағы су жиналған шұңқырларда, 1 оқиға кәріз жүйесінде, тағы бірі үй ауласындағы су толы ыдысқа құлау салдарынан орын алған.
Қазір облыста рейдтер мен профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Құзырлы органдар, еріктілер және БАҚ өкілдері су айдындарын тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Айта кетейік, 2025 жылғы шомылу маусымында 151 адамға 2 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Сондай-ақ 3 заңды тұлға мен 3 кәсіпкер де жауапкершілікке тартылған.
Өңірде 100-ден астам кездесу өтіп, 5 мыңға жуық адам қамтылды. Мектептерде 300-ден астам сабақ ұйымдастырылып, мыңдаған оқушыға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Мамандар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.



