Басты жаңалықтар

Қазақстанның көмір қоры 300 жылға жетеді

Энергетика министрлігі саланың әлеуетін жариялады

Қазақстан әлемдегі көмір қоры ең бай елдердің ондығына кіреді. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің негізі болып табылатын бұл саланың қазіргі жағдайы мен болашағы Үкімет отырысында талқыланды, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің баяндамасына сүйенсек, еліміздегі көмір өнеркәсібі тұрақты даму жолында. Министр атап өткен негізгі деректер мен жоспарларды назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақстан көмір кенінің қомақты қоры бойынша әлемде 10-шы орында тұр. Ресми мәлімет бойынша, еліміздегі көмір қорының жалпы көлемі — 33,6 млрд тонна.

«Бұл қор қазіргі өндіру қарқынымен есептегенде елімізді алдағы 300 жылдан астам уақыт бойы энергиямен қамтамасыз етуге жетеді», — деді Ерлан Ақкенженов.

Министр еліміздің энергетикалық қуатын сақтап тұрған басты аймақтар мен ірі кен орындарын атап өтті.

«Ірі көмір кен орындары Орталық Қазақстанның екі негізгі аймағында орналасқан. Олар – Қарағанды көмір бассейні мен Торғай көмір бассейніндегі Шұбаркөл және Жалын кен орындары. Солтүстік-шығыс аймақта Екібастұз көмір бассейні, Майкүбі көмір бассейні, Қаражыра кен орны бар», — деді Ерлан Ақкенженов.

Көмір өнеркәсібі тек экспорттық тауар ғана емес, ел экономикасының ішкі тұрақтылығының кепілі. Бүгінде Қазақстандағы электр энергиясының басым бөлігі дәл осы көмір станциялары арқылы өндіріледі. Министрліктің даму жоспары көмір өндіру көлемін сақтап қана қоймай, оны терең өңдеу мен экологиялық тиімділігін арттыруға бағытталған.

Көмір саласы Қазақстанның алдағы ғасырлардағы энергетикалық тәуелсіздігінің берік іргетасы болып қала бермек. Министрлік бұл ресурсты ұтымды пайдалану мен жаңғырту жұмыстарын жалғастырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button