Түркістан: жәрдемақыға тәуелділікті азайтуға қандай шара қабылдануда?

Түркістан облысында әлеуметтік көмекке тәуелді азаматтардың санын азайту бағытында нақты шаралар қолға алынды. Әсіресе, цифрлық отбасы картасындағы «D» және «E» санаттарына енген тұрғындарды жұмыспен қамту және табысын арттыру мәселесі күн тәртібіне шықты, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы осы санаттағы азаматтарды кәсіпке тарту жолдары қаралды. Аталған санатқа табысы төмен, тұрақты жұмысы жоқ немесе шұғыл әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтар кіреді.

– Кейбір азаматтардың жұмысқа тұрақтай алмауының басты себебі – несие берешегі мен бұғатталған есепшоттар. Сондықтан олар көбіне күндік табыспен шектеліп жүр. Қазір банк өкілдерімен бірлесіп, несие төлем кестесін қайта қарау бойынша жұмыстар басталды. Сонымен қатар, кәсіп бастаймын дегендерге жеңілдетілген несие беру, бизнес-жоспар әзірлеу және құжаттарын заңдастыруға қолдау көрсетіледі, – деді Нұрбол Тұрашбеков.

Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі Жандос Әзімбайдың айтуынша, кәсіпке бейімі бар азаматтар жеке сұхбат арқылы анықталып, қабілетіне қарай бағытталады. Әрбір ашылған кәсіп – жаңа жұмыс орны. Сонымен қатар, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы мен кәсіптің тұрақтылығы тұрақты бақылауда болады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биылғы бірінші тоқсанда облыста 36 888 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл соңына дейін кедейлік деңгейін 2,7 пайызға төмендету жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда арнайы жұмысшы топтар аудан-қалаларда жәрдемақы тағайындаудың шынайылығын зерделеуде. Жауапты органдарға жұмысты ашық әрі әділ жүргізу тапсырылып, нақты мерзімдер белгіленді.



