Түркістанда байдарка мен каноэ есуден Қазақстан чемпионаты басталды

Түркістан қаласындағы «Түркістан есу арнасында» байдарка мен каноэ есуден ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының көктемгі чемпионаты өз жалауын көтерді. Бұл нысанда ел біріншілігі алғаш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Республиканың 11 өңірінен келген 120 спортшы бес күн бойы 10 бағдарлама бойынша бақ сынап, өзара мықтыны анықтайды. Сонымен қатар, жарыс Қытайдың Хейфей қаласында өтетін Азия чемпионатына іріктеу кезеңі ретінде де маңызға ие.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, сондай-ақ ескек есуден мемлекеттік жаттықтырушы Дәулет Айдарханұлы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Жергілікті жанкүйерлер әсіресе түркістандық спортшылар — Ульяна Киселева, Артем Терешенко, Ольга Шмилева, Полат Туребеков және Раматулла Бекарыстан жүлде алуын күтуде.

Еліміздің үздік ескекшілері бас қосқан бұл чемпионатта тартысты бәсеке және ұлттық құрама сапына енуге талас күтілуде.



