Кентаудағы «Таза Қазақстан»: 500-ге жуық тұрғын экологиялық акцияға қатысты

Кентау қаласында «Қалдықсыз әлем» халықаралық күніне орай «Бір пакет қоқыс — бір балмұздақ» акциясы өтіп, оған 500-ге жуық қала тұрғыны атсалысты, деп хабарлайды turkistanlife.kz

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл шара көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын қамтыды. Жобаның басты ерекшелігі — қоршаған ортаны қорғауға өскелең ұрпақты тарту және балалар арасында экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру. Акция шарты бойынша, аула тазалығына үлес қосып, бір қап қоқыс жинаған әрбір балаға арнайы сыйлық ретінде балмұздақ үлестірілді.

Іс-шараға тек жасөспірімдер ғана емес, ата-аналар мен қала белсенділері де біркісідей қатысты.
«Бұл шара тек тазалық жұмысы емес, бұл — тәрбие құралы. Балалардың өз еңбегімен қаланы тазартып, оған ынталандыру алуы олардың қоршаған ортаға деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді», — деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Кентау қаласының әкімдігі мен жауапты бөлімдері «Таза Қазақстан» науқаны аясындағы мұндай креативті әрі нәтижелі шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын мәлімдеді. Экологиялық рейдтер мен аулаларды абаттандыру жұмыстары шаһардың барлық аудандарын қамтымақ.



