Басты жаңалықтар

Түркістан тарихын түгендеген ғалым

Түркістанда археолог Марат Тұяқбаевтың 70 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Түркістан қаласында белгілі археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Тұяқбаевтың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Сырдария өңірінің археологиялық мұрасы: зерттелуі мен нәтижелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Ауқымды шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесіп өткізілді. Жиын барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мерейтой иесіне жолдаған құттықтау хаты оқылып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері ғалымды айтулы белесімен құттықтап, оның отандық ғылымға қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті. Марат Тұяқбаев саналы ғұмырын Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мен қорғауға арнап, музей ісінің өркендеуіне сүбелі еңбек сіңірген бірегей маман екені тілге тиек етілді.

Ғылыми конференция аясында ғалымның көпжылдық еңбегінің жемісі саналатын «Түркістан шұратының қалалары мен қоныстары (б.д.д. VI ғ. – б.д. XIX ғ.)» атты жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, арнайы материалдар жинағы таныстырылды. Сондай-ақ «Балалық арманнан – ғылымның шыңына» атты көрме ұйымдастырылып, онда археологтың өмір жолы мен қазба жұмыстары кезінде табылған бірегей жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

Халықаралық басқосуға Ресей, Татарстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген беделді ғалымдар қатысты. Шетелдік және отандық мамандар археология саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, Марат Тұяқбаевтың ғылыми мектебі мен ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы рөлін жоғары бағалады. Бұл шара Сырдария өңірінің көне тарихын жаңа қырынан зерделеуге және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға үлкен үлес қосты.

Айта кетейік, бұдан алдын turkistanlife.kz ақпараттық порталы Марат Тұяқбаевпен «Түркістан Отырардан да көне болуы мүмкін» атты материал жарияланған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button