Қандастарға жаңа талап: Көшіп келген өңірде жұмысқа орналасу міндеттеледі
Қазақстанда қоныс аудару бағдарламасымен келген этникалық қазақтар үшін ережелер қатайтылмақ.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастарды қоныстанған өңірлерінде міндетті түрде жұмыспен қамту туралы тиісті түзетулер дайындады, деп хабарлайды turkistanlife.kz.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл қадам қоныс аударушылардың жаңа жерде тұрақтап қалу деңгейін арттыру үшін жасалып отыр. Ресми жұмыспен қамтылмау азаматтардың қайта көшіп кетуіне себеп болып, жергілікті бюджетке салмақ түсіретіні анықталған. Осыған байланысты жаңа жобада нақты талаптар көрсетілген:
«Қоныстанған өңірде жұмыспен қамтылу дерегін растау және әлеуметтік аударымдарды жүзеге асыру арқылы міндетті түрде жұмысқа орналасу талабын белгілеу көзделіп отыр».
Бұл шара ең алдымен қандастардың жаңа ортаға әлеуметтік бейімделуін жылдамдатуды көздейді. Министрліктің мәліметінше, ресми жұмыс пен әлеуметтік аударымдардың болуы азаматтардың қайта көшіп кетуін азайтып, жергілікті бюджетке түсетін салмақты жеңілдетпек. Бүгінде еңбек күші тапшы Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары қоныстандыру үшін негізгі аймақтар болып белгіленген.
Айта кетейік 2026 жылдың басынан бері 3 335 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған.
Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында 2026 жылдың 6 сәуіріне дейін көпшілік талқылауында болады.



