Түркістан: Сайрам ауданында Жаңару күніне орай ағаш көшеттері отырғызылды

19 наурыз – Жаңару күніне орай Түркістан облысының Сайрам ауданында кең көлемді абаттандыру шарасы өтті, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Аудан орталығы Ақсу ауылындағы «Бейбітшілік саябағында» және Сұраншы батыр көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің аулаларында жаппай ағаш көшеттері отырғызылды. Игі шараға аудан әкімі Мадияр Оразалиев, аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері, «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы мен белсенді жастар қатысты.

Шара барысында аудан әкімі тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, Жаңару күнінің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны көгалдандыру – баршаға ортақ міндет.

Жалпы акция аясында тұрғын үйлер аулаларына 150 түп қарағай, боз арша, жай арша және терек көшеттері отырғызылды. Көгалдандыру жұмыстарына 6 арнайы техника жұмылдырылды.



