Биыл қанша этникалық қазақ тарихи отанына оралды және оларға қандай көмек беріледі?

2026 жылдың басынан бері 3 335 этникалық қазақ Қазақстанға қоныс аударып, ресми түрде қандас мәртебесіне ие болды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, еліміз егемендік алған 1991 жылдан бері республикаға барлығы 1 миллион 168,2 мың этникалық қазақ оралған, деп хабаралайды turkistanlife.kz
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биыл келген қандастардың 47,8 пайызы Қытай Халық Республикасынан, 43,6 пайызы Өзбекстаннан, 2,7 пайызы Түрікменстаннан, 2,2 пайызы Моңғолиядан және 2 пайызы Ресейден келген. Оралған азаматтардың басым бөлігі, атап айтқанда 58,1 пайызы еңбекке қабілетті жаста болса, 33,1 пайызы еңбекке қабілетті жасқа толмағандарды, ал 8,8 пайызы зейнеткерлерді құрайды.
Қоныс аударушылардың білім деңгейі де әртүрлі: еңбекке қабілетті азаматтардың 13,1 пайызы жоғары білімді, 27,1 пайызы орта кәсіби білімді және 51,9 пайызы жалпы орта білімді мамандар. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде жыл басынан бері 139 қандасқа түрлі көмек көрсетіліп, оның ішінде 108 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.
Мемлекет қандастарды Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары секілді еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстандыруға басымдық береді. Бұл аймақтарға көшкендерге отбасының әр мүшесіне 70 АЕК немесе 302,8 мың теңге көлемінде біржолғы субсидия төленеді. Сонымен қатар, тұрғын үй жалдау мен коммуналдық қызметтер үшін бір жыл бойы ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейін өтемақы қарастырылған.
Ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында солтүстік өңірлерге көшетін азаматтар үшін тұрғын үй сатып алуға 1 625 АЕК немесе 7 миллион теңгеге дейін жететін экономикалық мобильділік сертификаты енгізілді.
Биылғы екі айдың қорытындысы бойынша, арнайы квота аясында аталған өңірлерге 569 қандас қоныстанып үлгерді.



