Ордабасыда «Әр дауыс – болашаққа артылған үміт» акциясы өтті

Ордабасы ауданында республикалық референдум күні №455 дауыс беру учаскесінде «Әр дауыс – болашаққа артылған үміт» атты символикалық акция ұйымдастырылды. Игі шара аясында дауыс беруге келген әрбір азаматқа тал мен гүл көшеттері табысталып, табиғатты аялау мен ел болашағына жауапкершілік идеясы насихатталды,деп хабарлайды turkistanlife.kz

«Әр дауыс – болашаққа артылған үміт» атты бастама — азаматтардың ел болашағына деген жауапкершілігін және белсенді азаматтық ұстанымын білдіруді мақсат етеді. Әрбір отырғызылған көшет пен егілген гүл тұқымы – жаңа өмірдің, жаңарудың және дамудың белгісі.
Акцияның басты мақсаты – дауыс беру арқылы әр азаматтың ел болашағына өз үлесін қосатынын көрсету. Бүгін берілген дауыс пен отырғызылған көшет уақыт өте келе өсіп, болашаққа деген үміт пен сенімнің символына айналды. Ұйымдастырушылар бұл бастама арқылы тұрғындарды референдумға белсенді қатысуға және табиғатты аялауға шақырады.

Айта кетейік, Ордабасы ауданында республикалық референдумға байланысты 53 дауыс беру учаскесі таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастады. Аудан бойынша жалпы халық саны – 134 000 адам. Ал референдумға қатысуға құқылы дауыс берушілердің жалпы саны – 72 890. Референдумды өткізуге 366 комиссия мүшесі жұмылдырылған. Таңғы уақыттан бастап тұрғындар белсенді түрде келіп, өз таңдауларын жасауда.



