Түркістан облысында тарихи сәт: 37 мыңнан астам жас алғаш рет таңдау жасайды

Түркістан облысында республикалық референдум жоғары белсенділікпен өтіп жатыр. Бұл жолғы саяси науқанның басты ерекшелігі – өңірдегі жастардың саяси процестерге деген ерекше қызығушылығы мен белсенділігі.

Бүгін таңғы сағат 07:00-ден бастап облыс көлемінде 947 дауыс беру учаскесі өз жұмысына кірісті. Оның ішінде 26 учаске жабық форматта қызмет көрсетуде.
Өңірдегі сайлаушылар тізіміндегі 1 187 257 азаматтың (облыс халқының 55,4%-ы) арасында жастардың үлесі қомақты. Атап айтқанда, биыл 37 796 жас азамат алғаш рет референдумда дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.

«Бұл жастар үшін тек дауыс беру ғана емес, ел болашағына жауапкершілікпен қараудың алғашқы үлкен қадамы. Олардың белсенділігі өңірдегі саяси мәдениеттің өсіп келе жатқанын көрсетеді», — дейді Башбенова Гульнара, 133 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы.

Еске сала кетейік, референдум учаскелері кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Әрбір алғаш дауыс берушіге учаскелерде естелік сыйлықтар тапсыру дәстүрі де жалғасуда.



