Жетісайға ірі инвестиция тартылуда

Түркістан облысының оңтүстік қақпасы — Жетісай ауданы ірі инвесторлардың назарына ілікті. Өңірде салынатын жаңа электр станциясы аймақтың өндірістік картасын өзгертуге қауқарлы. Инновациялық жоба аясында тартылатын қомақты қаржы ауданның салық базасын нығайтып, жаңа индустриялық аймақтардың ашылуына негіз қаламақ, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Аудан әкімі Серік Мамытов шетелдік «BS-ENERGY CAPITAL» компаниясының өкілдерімен кездесіп, табиғи газ негізінде электр энергиясын өндіретін жаңа станция салу мәселесін талқылады. Жоспарға сәйкес, «Жетісай» индустриялық аймағындағы 3 гектар аумақта заманауи электр станциясы бой көтереді. Оның жылдық қуаты 51,6 МВт болмақ. Бұл өндірістік аймақта ашылатын кәсіпорындардың үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.





