Қылқалам тістеген тағдыр: Түркістандық бойжеткеннің ерік-жігері елді таңғалдыруда

Әлемді түспен емес, рухтың күшімен бояуға болатынын түркістандық 16 жастағы Русалина Құрманова дәлелдеп жүр. Туабітті физикалық шектеуіне байланысты екі қолы икемге келмесе де, ол тағдырдың сынағына мойымай, қылқаламды тісімен ұстап, таңғажайып туындылар жасап келеді.

Павлодар өңірінде дүниеге келген Русалинаның балалық шағы ауыр сынақтармен басталды. Төрт жасында ата-ана қамқорлығынан айырылып, қазір Түркістанда тұрақтаған. Бүгінде ол «Шұғыла» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушісі.
Бойжеткен алғаш рет алты жасында тісіне қылқалам іліккенде, өмірдің сұрқай түстерін ашық бояулармен алмастыруға бел буған. Содан бері сурет өнері оның сырласына, мұңдасына және еркіндік аралына айналды.
Кейіпкеріміздің шығармашылық ерекшелігі — оның туындыларында мүлдем қара немесе қанық жабық түстер кездеспейді. Ол әлемді тек ашық, нұрлы және мейірімге толы түстермен бейнелеуді жөн көреді.
«Мен үшін табиғат — шексіздік. Сурет салғанда өзімді мүлдем бөлек, тылсым әлемде жүргендей сезінемін. Болашақта жеке көрмемді ашып, суреттерім арқылы адамдарға үміт сыйлағым келеді. Менің мақсатым — физикалық кедергілердің шығармашылыққа тұсау бола алмайтынын көрсету», — дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Русалина тек талантты суретші ғана емес, ол — республикалық және облыстық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Атап айтқанда, «Сен таланттысың» атты шығармашылық жобаның Бас жүлдесін иеленген. Одан бөлек, бойжеткен әуезді дауысымен ән шырқап, бос уақытында кітап оқуды жаны сүйеді.

Мамандар мен ұстаздары Русалинаның бойындағы қажырлылықты ерекше бағалайды. Оның әрбір туындысы — өмірге деген шексіз махаббаттың, таусылмас төзімнің және биік рухтың жеңісі.
Келешекте халықаралық деңгейдегі суретші болып, Қазақстанның атын әлемге танытуды армандайды. Бүгінгі таңда оның әрбір суретті — «мүмкіндігі шектеулі» деген ұғымның тек сөз ғана екенін, ал нағыз қабілеттің шекарасы болмайтынын дәлелдеп тұрғандай.



