Басты жаңалықтарКүндерек

1,2 мыңнан астам қазақстандық Отбасының цифрлық картасы арқылы қызмет алды

2026 жылдың басынан бері Отбасының цифрлық картасы арқылы әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету мақсатында 3 828 азаматқа SMS-хабарлама жолданды. Нәтижесінде 1,2 мыңнан астам адам өтініш бермей-ақ жәрдемақы немесе әлеуметтік төлем алу мүмкіндігін пайдаланған.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде қалыптастырылады. Қазіргі таңда онда Қазақстандағы 20 миллион азамат немесе 6,2 миллионнан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.

Жобаның басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты Әлеуметтік кодексте Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттерін айқындайтын құрал ретінде белгіленген.

Бүгінде бұл жүйе арқылы азаматтар өтініш бермей-ақ жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11 түрін рәсімдей алады. Олардың қатарында еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, жұмыссыздық бойынша төлем, асыраушысынан айырылу жәрдемақысы, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер, атаулы әлеуметтік көмек және жерлеуге арналған біржолғы төлем бар.

Мемлекеттік қолдау алуға құқығы бар азаматтарға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Азамат келісім берген жағдайда жәрдемақы немесе төлем автоматты түрде рәсімделіп, қаражат банк шотына аударылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button