Референдумға дайындық: ОРК отырысында дауыс беруді ұйымдастыру мәселелері талқыланды

23 ақпанда 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдумға дайындық аясында Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы кеңейтілген отырысын өткізді, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Жиында дауыс беруді ұйымдастыру, учаскелердің дайындығы, бюллетеньдер мен онлайн-қызметтер, мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімділік және халықаралық бақылау мәселелері қаралды.
Отырыстың күн тәртібінде бес негізгі мәселе қаралды:
1. Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік шараларын қамтамасыз ету;
2. Жергілікті атқарушы органдардың дауыс беруге арналған учаскелерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету және сайлаушылар тізімдерін ұсыну;
3. Республикалық референдумда дауыс беру тәртібі, соның ішінде онлайн-сервистер мен есептен шығару куәліктері;
4. Дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындау;
5. Халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу.
Отырысқа Орталық референдум комиссиясының мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, соның ішінде Сыртқы істер, Ішкі істер, цифрлық даму және жасанды интеллект салаларының жауапты қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Бейне-конференциялық байланыс арқылы облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары аумақтық комиссияларының төрағалары мен мүшелері, әкімдік аппараттарының басшылары қосылды. Жиын ОРК интернет-ресурсы мен YouTube арнасы арқылы сурдоаудармамен қамтамасыз етіліп, онлайн форматта көрсетілді.

ОРК мүшесі Ләззат Сүйіндік мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету басымдық екенін атап өтті. 19 ақпанда өткен жұмысшы топ отырысында Брайль қарпімен бюллетеньді өз бетінше толтыруға арналған трафарет таныстырылды. Барлық учаскелерде Конституция жобасының мәтіні екі тілде аудиодыбыстау арқылы қолжетімді болады. Президент жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан барлық ұсыныстар ескерілгенін, трафарет бірнеше сараптамадан өтіп, талаптарға сай жетілдірілгенін хабарлады.

Облыстар мен қалалардың әкімдігі өкілдері комиссияның 12 ақпандағы қаулысына сәйкес барлық учаскелердің жабдықталуы қамтамасыз етілгенін, мүгедектігі бар азаматтарға арналған қолжетімділік жағдайлары жасалғанын және сайлаушылар тізімдері дайын екенін айтты. Сондай-ақ call-орталықтар мен Telegram-боттар, инватакси қызметі, сурдоаударма қызметі арқылы қосымша қолдау көрсетілетіні хабарланды.
ОРК мүшесі Азамат Айманакумов республикалық референдумда дауыс беру заңнамасының негізгі нормаларын түсіндірді. Дауыс беру 10 411 учаскеде, шетелде 62 елдегі 80 учаскеде өтеді.

ОРК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман екі онлайн-қызметтің іске қосылып жатқанын хабарлады: eGov порталында тіркелу орнын тексеру және дауыс беру учаскелеріне тіркелу қызметі. Бұл қызметтер арқылы азаматтар өз мекенжайын растап, сайлаушылар тізіміне енгізіле алады. Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин ақпараттандыру жұмыстары SMS, push-хабарламалар, мемлекеттік порталдар мен eGov арқылы жүзеге асатынын айтты.

ОРК мүшесі Михаил Бортник бюллетень жобасын таныстырды. Оған «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ енгізілген, жауап нұсқалары: «ИӘ, қабылдаймын» және «ЖОҚ, қабылдамаймын». Бюллетеньдер 12 586 413 дана көлемінде дайындалып, дауыс беруге дейін жеткізіледі.

ОРК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман халықаралық байқаушылардың аккредитациясы туралы хабарлап, қазіргі таңда 3 халықаралық ұйым мен 5 мемлекеттен 21 байқаушы тіркелгенін айтты. Қажет болған жағдайда байқаушылар тізімі жаңартылып отырады.
Отырыс қорытындысы бойынша барлық мәселелер бойынша ОРК қаулылары мен актілері қабылданды.



