Түркістандық жас өнертапқыштар әлемдік додаға аттанбақ

Орталық Азиядағы ең ірі STEM-фестивалінде Түркістан облысының «TOLEBI DARYN» командасы бас жүлдені иеленді, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Жеңімпаздарға АҚШ-та өтетін «FIRST Championship» турниріне жолдама берілсе, қазығұрттық оқушылар жоғары оқу орнына грант пен Қытайдағы жарысқа мүмкіндік алды.
Олардың қатарында Түркістан облысының оқушылары да бар. Осы жарыста «FLL Challenge» санаты бойынша Түркістан облысының намысын қорғаған Төлеби ауданының мамандандырылған мектеп интернатының “TOLEBI DARYN» командасы бас жүлдені жеңіп алды. Енді команда мүшелері биыл АҚШ-тың Хьюстон қаласында 29 сәуір-2 мамыр аралығында 192 мемлекет арасында өтетін “FIRST Championship” халықаралық чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.

Сондай-ақ, “FIRST Tech Challenge” санаты бойынша қазығұрттық “Union Tur” командасы үлкен жетістікке жетіп, 4 жылдық оқу грантын жеңіп алды. Сонымен қатар, “FIRST LEGO League Challenge” бағыты бойынша “Qazygurt” командасы жоғары нәтиже көрсетті. Оларға “MOTIVATE AWARD” және “BEST PID AWARD” кубоктары табысталып, ең үздік командалық топ атанды. Нәтижесінде қазығұрттық оқушылары Бейжің қаласында өтетін “China FIRST LEGO League Off-Season — 2026” турниріне жолдама алды.



