Басты жаңалықтар

Бәйдібек ұландары Дубайды бағындырды

Дубайда өткен халықаралық UAE SWAT Challenge жарысында Қазақстанның арнайы жасақ командалары алғашқы екі орынды иеленіп, тарихи жеңіске жетті, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Бұл жеңістің басты кейіпкерлері — Түркістан облысы, Бәйдібек ауданындағы Теректі мектебінің түлектері. Әлемнің ондаған алпауыт мемлекеті қатысқан беделді додада Қазақстан намысын қорғаған «С» және «А» командалары кәсіби шеберліктің жоғары үлгісін көрсетті. Ерекше мақтанышпен айтарлығы, екі команданың құрамында да Түркістан облысы, Бәйдібек топырағында туып-өскен, бір үйдің балалары өнер көрсетті. Бірі, Мұқағали Кадиров — жарыс жеңімпазы атанған «С» командасының капитаны. Бірі, Бақытжан Кадиров — күміс жүлдегер атанған «А» командасының белді мүшесі.

Қазақстандық сарбаздар тактикалық дайындық пен жылдамдықтан Қытай секілді державалардың жасақтарын артқа тастап, әлемдік деңгейде үздік екенін дәлелдеді.

Батыр ұлдарды тәрбиелеген ата-анасы — Мұхтар Кадиров пен Аманкүл Досымова. Олар Теректі мектебінде ұзақ жылдар ұстаздық етіп, зейнетке шыққан құрметті жандар. Ауыл мектебінің тәлімін алған жастардың бүгінде ел қауіпсіздігін қорғап, халықаралық аренада озып шығуы ұстаздар қауымы мен туған жер үшін үлкен мәртебе.

Ел намысын абыроймен қорғаған оғландардың жетістігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалады. Президент арнайы құттықтау жолдап, сарбаздардың кәсібилігі мен табандылығына ризашылығын білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button