Түркістан: Таныстар арасындағы жанжал атыспен аяқталған

Түркістан облысының полицейлері Сайрам ауданында орын алған қарулы қақтығыстың бетін ашты, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Травматикалық тапаншамен оқ жаудырған күдікті жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қолға түскен.
Алдын ала тергеу мәліметтері бойынша, екі таныс адамның арасында туындаған өзара келіспеушілік соңы қару қолдануға ұласқан. Ер адам жанжал барысында травматикалық тапаншамен танысына оқ атқан. Жәбірленуші бірден медициналық көмекке жүгінді. Дәрігерлердің айтуынша, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін ол үйіне жіберілді.
Тәртіп сақшылары күдікті ретінде Сайрам ауданының тұрғынын анықтап, ұстады. Қылмыс құралы болған травматикалық тапанша тәркіленіп, іс материалдарына айғақ ретінде тіркелді. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Құқық қорғау органдары қару-жарақ қолданылған кез келген заңсыз әрекетке қатаң құқықтық баға берілетінін ескертеді. Қарулы зорлық-зомбылықтың бірде-бір фактісі жауапсыз қалмайды және тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті іс жүргізу шешімі қабылданады.


