Түркістандық фермерлерге бидай келісі 90 теңгеден жеткізілуде

Мал шаруашылығын қолдау мақсатында жеңілдетілген бағамен бидай таратылып жатыр. Арнайы жасалған келісімшарт негізінде «ALTYN NAN» серіктестігі бидайды шаруаларға делдалсыз, тікелей төмендетілген құнмен ұсынып отыр. Қазіргі таңда өңірдегі жем-шөп қорын толықтыру жұмыстары қарқын алды, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Жоспарға сәйкес, малазықтық бидай Түлкібас теміржол станциясына жеткізіліп, одан әрі «ALTYN NAN» ЖШС арқылы аудан, қалаларға бөлінді. Нәтижесінде 221 тонна бидай Созақ ауданына, 251,7 тонна Бәйдібек ауданына, 259,2 тонна Төлеби ауданына, 124,6 тонна Түлкібас ауданына, 30 тонна Отырар ауданына және 23,5 тонна Арыс қаласына таратылды.

Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша жалпы саны 225 шаруа қожалығы 910 тонна мал азықтық бидаймен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта да облыс әкімдігі тарапынан ауыл шаруашылығы саласын қолдау, әсіресе мал азығымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатын болады.



