Түркістан облысындағы кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі?

Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бойынша ауқымды жұмыстар басталды, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Мемлекеттік қолдау шараларын тиімді түсіндіру және олардың дұрыс қолдануын қамтамасыз ету мақсатында басқарма тарапынан Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен қағидаларға сәйкес жұмысшы топ құрылды. Жұмысшы топ құрамында басқарма мамандарымен қатар балық шаруашылығы инспекциясы және ветеринария саласының мамандары бар. Топтың негізгі мақсаты – балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге субсидиялау тетіктерін, талаптар мен тәртіптерді жан-жақты түсіндіру.

Кездесу барысында субсидия алуға қажетті құжаттар тізбесі, өтінім беру тәртібі, инвестициялық шығындарды өтеу шарттары және өзге де өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, практикалық ұсыныстар айтылды.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыс аумағында аквакультура саласында 200-ге жуық субъект өз қызметін жүзеге асыруда. Сонымен бірге өңірде жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның ішінде 74 су айдыны конкурстық негізде кәсіпкерлерге бекітілсе, қалған 30 су айдыны резервте тұр. Бұл көрсеткіштер облыста балық шаруашылығын одан әрі дамытуға әлеуеттің жоғары екенін көрсетеді.



