Түркістан облысында білім сапасын арттыру бойынша жүйелі шаралар жүзеге асуда

Түркістан облысында білім сапасын жақсарту және балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Осы мақсатта облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов аудан-ауданды аралап, білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесулер өткізді.
Өткен аптада Сауран, Отырар, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Төлеби, Қазығұрт аудандары мен Кентау қаласында жиындар өтіп, саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Қазығұрт ауданындағы сапар барысында Ғалымжан Орынов пен аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы оқушылардың инновациялық жобалары мен авторлық жұмыстарынан құралған көрмені аралады. Кеңейтілген жиында 2025–2026 оқу жылының I және II тоқсандарындағы көрсеткіштер, білім сапасын арттыру, білім алушыларға қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау бағытындағы міндеттер қаралды. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы және салалық заңнаманың сақталуына назар аударылды. «Адал азамат» тәрбие бағдарламасының бағыттары түсіндірілді.
Жиында білім басқармасының ауданға жауапты мамандары өзекті мәселерді баяндап, облыстық орталықтардың жетекшілері сын-тәуекелдерді ашық айтты. Ғалымжан Қалдыкөзұлы төмен көрсеткіш көрсеткен білім ұйымдарының басшыларына білім сапасын көтеру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Кездесу соңында ұсыныстар тыңдалып, сұрақтарға жауап берілді.
Облыстық Білім басқармасы алдағы уақытта да білім сапасын арттыруды басым бағыт ретінде айқындап, педагогтердің кәсіби дамуын қолдау және оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді.



