Түркістандық өрендер Ұлттық мектеп лигасында 22 кубок иеленіп, көш бастады
Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңінде Түркістан облысының құрамасы 7 алтын, 8 күміс және 7 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.

Айтулы додаға жолдама алу үшін алдымен аймақтық іріктеу сыны ұйымдастырылды. Облыстың 17 ауданы мен қаласынан келген 3 144 оқушы өзара мықтыны анықтап, солардың ішінен 1 224 жас спортшы жеңіс тұғырына көтерілді. Іріктеудің сүзгісінен өткен ең үздіктер ғана ел біріншілігінде өңір намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды.
Мамандар бұл толағай табысты өңірдегі әскери-патриоттық тәрбиенің жүйелі жолға қойылуымен байланыстырады.
Бүгінде аймақта жастарды отансүйгіштікке баулу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. 70 мыңға жуық жас «Жас айбын» клубтарына бірігіп, 980-нен астам үйірме тұрақты жұмыс істейді. Мектептер мен колледждерде «Жас сарбаз», «Жастар рухы» және «Өзін-өзі басқару» секілді 700-ге жуық ұйым құрылған. Жыл басынан бері 158 іс-шара ұйымдастырылып, оған 16 774 жасөспірім қамтылды.
Жеткен жетістікті одан әрі нығайту мақсатында жуырда Түркістан қаласында «Рухы берік ұрпақ – жеңісі биік өңір» атты облыстық семинар өтті. Жиында жас буынның бойындағы тәртіп пен азаматтық жауапкершілікті арттыру, әскери даярлық сапасын жетілдіру мәселелері талқыланды. Шара соңында төрт мекеме өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойып, «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» бағдарламасы аясында 2027 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті.
Осылайша, өңірде ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, елін сүйетін әрі Отан алдындағы жауапкершілігін терең сезінетін жаңа ұрпақ қалыптастыру жұмысы жаңа белеске көтерілді.



