Түркістанда кітап оқитындар саны 13 мыңнан асты
Түркістан облысында «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасына 13 321 адам қатысып, жинаған ұпай саны 9 миллионнан асты.

Өңірде кітап оқу мәдениетін дамыту және кітапханалардың жұмысын жаңғырту мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында талқыланды.
Облыс басшысы жобаны қағаз жүзіндегі науқанға айналдырмай, нақты нәтижеге бағыттау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бастама тұтас өңірді қамтып, тарих пен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын мазмұнды іс-шаралармен толықтырылуы тиіс.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бақытжан Садықовтың мәліметінше, бүгінде өңірде 391 кітапхана жұмыс істейді. Жыл басынан бері Бәйдібек, Түлкібас және Сарыағаш аудандарында үш жаңа кітапхана ашылып, тағы сегізі заманауи ғимараттарға көшірілген. Кітапханалардың жалпы қоры 6 миллионнан асқан.
Саланы цифрландыру мақсатында аудандық және қалалық кітапханаларға ИРБИС автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу қолға алынған.
Кітап оқуды насихаттау үшін өңірде «Жылжымалы кітапхана», «12 айда – 12 кітап», «Түнгі кітапхана», «Фараб оқырман клубы» және басқа да жобалар жүзеге асуда. «Жылжымалы кітапхана» бастамасы аясында шалғайдағы 34 елді мекенде және әлеуметтік нысандарда кітап оқу пункттері ашылған.
Жиын соңында Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жобаны жандандыруды, оқырмандар сұранысына сай кітап қорын көркем, тарихи және танымдық әдебиеттермен толықтыруды тапсырды.



