Түркістан облысының спортшылары Азия ойындарының чемпионы атанды

Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар топ жарды. Академиялық есуден сынға түскен түркістандықтар ел қоржынына алтын медаль салды.
Ұлттық құрама сапындағы түркістандық спортшылар Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасындағы M2− бәсекесінің А финалында мәре сызығын бірінші болып аттады. Олар басты қарсыластары Қытай экипажын 2,09 секундқа басып озды.
Бұл – олардың халықаралық аренадағы алғашқы жетістігі емес. Бұған дейін спортшылар 2025 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанып, биыл Оңтүстік Кореяның Чхунджу қаласында өткен Азия кубогында да алтын медаль жеңіп алған болатын. Бұл жеңіс – Түркістандағы заманауи ескек есу каналының жұмысы мен өңірде су спортының қарқынды дамып жатқанының айқын дәлелі.
Айта кетейік, бүгін Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Ярослав Мельников және Тимур Фомичевпен бірге ерлер арасындағы төрттік сында (А финалы) тағы да бақ сынайды. Отандастарымызға сәттілік тілейміз!



