Түркістанда 114 жоба іске қосылды
Түркістан облысында шағын өндірістік парктердің жұмысы қарқын алып келеді.

Бүгінде өңірде 29 парк құрылып, онда 114 жоба іске қосылған. Жобалардың жалпы құны 226,9 млрд теңгеге жетеді.
Түркістанда кәсіпкерлер үшін өндіріс ашуға және оны кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа алаңдар көбейіп келеді. Шағын өндірістік парктердің бірқатары қазірдің өзінде жұмысын бастап, өңірдегі өндіріс көлемін арттыруға үлес қосуда.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Осыған байланысты облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасының өкілдері Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Шардара аудандары мен Арыс қаласындағы өндірістік парктердің жұмысымен танысты.
Мамандар кәсіпкерлермен кездесіп, өндірісті дамытуға кедергі келтіріп отырған мәселелерді талқылады. Әсіресе жаңа жобаларды тарту, дайын өнімді өткізу және кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету мәселелеріне назар аударылды.

Қазір Түркістан облысында 29 шағын өндірістік парк құрылған. Олардың аумағында 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған.
Соның 165-інің құрылысы толық аяқталған.
Бұл нысандардың ішінде түрлі бағыттағы кәсіпорындар орналасып, жергілікті жерде өнім өндіруге мүмкіндік алып отыр. Яғни кәсіпкерге өндіріс бастау үшін қажетті инфрақұрылымы бар дайын алаңдар ұсынылады.
Шағын өндірістік парктерде жалпы құны 226,9 млрд теңге болатын 269 жоба жасақталған.
Бүгінде оның 114-і іске қосылып, нақты өнім өндіре бастады.
Жобалардың негізгі бағыты — құрылыс материалдарын, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру.

Бұл бағыттардың өңір үшін маңызы зор. Себебі жергілікті жерде өнім өндіру ішкі нарықты қажетті тауарлармен қамтуға, жаңа кәсіпорындардың пайда болуына және кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік береді.
Өндірістік парктердің тағы бір ерекшелігі — шағын және орта бизнес өкілдеріне өндірісін бастауға немесе кеңейтуге қолайлы орта қалыптастыруы.
Алдағы уақытта бұл алаңдарға жаңа жобаларды тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету және өндірілген өнімді өткізу мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстары жалғасады.
Бір кездері бос тұрған аумақтар енді кәсіпкерлердің өндіріс алаңына айналып келеді. Ал 114 іске қосылған жоба — Түркістандағы шағын өндірістің біртіндеп нақты нәтижеге көшіп жатқанын көрсетеді.



