447,5 млрд теңгелік агросерпіліс
Түркістан облысында мақта-тоқыма, жүгері және ет бағытындағы үш ірі кластер қарқынды дамып келеді.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығында жаңа кезеңге қадам басты. Өңірде құны 447,5 млрд теңгені құрайтын үш ірі агрокластер қалыптасып, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, экспортқа бағытталған өндірістер көбеймек.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеп, дайын өнім шығаратын жаңа өндіріс жүйесі қалыптасып келеді. Өңірде мақта-тоқыма, жүгері және ет бағытындағы үш стратегиялық кластер іске асырылуда.

Ең ауқымдысы – 201 млрд теңгелік мақта-тоқыма кластері. Жоба аясында мақта өсіруден бастап, жіп иіру, мата тоқу және дайын тігін өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек құрылады. Нәтижесінде 7 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Кластер толық іске қосылғанда мақта өнімділігі екі есеге артып, гектарынан 60 центнерге дейін жетеді.
Жүгері кластері аясында 34 млрд теңгеге салынған «Казкрахмал» зауыты іске қосылуға дайын. Кәсіпорын жылына 150 мың тонна жүгеріні өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Сонымен қатар 2030 жылға дейін жүгері алқаптарының көлемі 40 мың гектардан 70 мың гектарға дейін ұлғайтылады.

Ет кластері де өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтеді. Қазірдің өзінде бірнеше ірі ет өндіру кешені іске қосылып, қосымша 83 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік жасалуда. Бұдан бөлек, 50 мың басқа арналған Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау алаңының құрылысы аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін заманауи мал биржасы да пайдалануға беріледі. Сондай-ақ жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың құрылысы басталды.
Үш кластер толық қуатында жұмыс істегенде, 2027 жылға қарай Түркістан облысында қосымша 447,5 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілмек. Бұл жаңа өндірістердің ашылуына, ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына және экспорт көлемінің артуына жол ашады.



