Суды кестемен ішу тоқтайды
Түркістанда 50 мыңға жуық тұрғынға қатысты маңызды шешім қабылданды

Түркістан облысында суды тек белгіленген сағаттармен ғана алып, сарғайып күтіп отырған ондаған мың тұрғынның мәселесі биыл түбегейлі шешілмек.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында биыл Арыс, Сауран, Мақтаарал, Шардара және Қазығұрт аудандарындағы 10 елді мекеннің 45,7 мың тұрғыны тәулік бойы тоқтаусыз әрі сапалы ауыз сумен қамтылатыны белгілі болды. Қазіргі таңда облыстағы барлық 801 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылғанымен, тозығы жеткен желілер мен судың тапшылығы басты мәселе болып отыр.

Осы олқылықтарды жою мақсатында биыл бюджеттен 15,6 миллиард теңге бөлініп, 36 су нысанының құрылысы басталды. Жыл соңына дейін соның 10-ы толықтай іске қосылып, тозып тұрған инфрақұрылым жаңартылады. Сонымен қатар, ағымдағы жөндеу жұмыстарына тағы 2,7 миллиард теңге бағытталған. Ал ұзақ мерзімді жоспар бойынша 2029 жылға дейін су жүйелерін жаңғыртуға 42,9 миллиард теңге жұмсалып, 500 шақырымнан астам су құбыры жаңадан төселеді.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне суды кестемен беру мәселесін созбалаңға салмай тез арада шешуді, жұмыс сапасын қатаң бақылап, цифрландыру жүйесін жеделдетуді қатаң тапсырды.



