Басты жаңалықтар

Балалар арманы орындалды

Жетісайлық мыңдаған оқушы лагерьде тынығып қана қоймай, сыйлықтар мен ерекше көңіл күйге бөленді.

Жетісай ауданынан биыл 2 мың оқушы жеті кезең бойынша Төлеби ауданындағы «Ореховая роща» жазғы сауықтыру лагеріне жолдама алды. Қазірдің өзінде 1450 бала бес кезең аясында демалып үлгерген.


Лагерьге арнайы барған аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов балалардың тұрмыс жағдайымен танысып, қауіпсіздік, тамақтану және демалыс бағдарламасының ұйымдастырылуын көрді. Сондай-ақ спорттық және мәдени іс-шараларға қатысты.


Лагерьде балалардың жайлы демалуына қажетті жағдай толық жасалған. Жатын орындар, асхана, бассейн, медициналық пункт және демалыс аймақтары жұмыс істеп тұр.


Белсенді оқушылар мен топ жетекшілері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Ал бесінші кезеңде демалып жатқан 300 оқушыға кәсіпкерлердің қолдауымен аттракциондар саябағына, Jet Plaza ойын-сауық орталығына және кинотеатрға бір реттік сертификаттар табысталды.


Балаларға мерекелік дастарқан жайылып, балмұздақ ұсынылды. Өнерпаздар мен цирк әртістерінің концерттік бағдарламасы жазғы демалыстың жарқын сәтіне айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button