Жаңа оқу жылына дайындық

Түркістан облысында мектептерді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте білім беру нысандарының құрылысы, реновация бағдарламасы мен жазғы жөндеу жұмыстарының барысы талқыланды.

Президент тапсырмасына сәйкес өңірде 115 мектеп кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Оның ішінде биыл 38 мектеп реновация бағдарламасына енгізілген. Ал өткен жылдан жоспарланған 41 мектептің 26 жөндеу толық аяқталып, қалған 15 нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар облыста 125 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның 60-ында жұмыстар толық аяқталған, қалған білім беру ұйымдары жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беріледі.

Мәжілісте мектептердің қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Биыл өңірдегі 110 білім беру нысанын табиғи газға қосу жоспарланған.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға барлық құрылыс пен жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауда ұстап, жаңа оқу жылына дейін білім беру ұйымдарының толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ сапасыз жұмыс атқарған мердігерлер заң аясында жауапқа тартылатынын ескертті.



