
Биыл ауа райының қырсыққанына қарамастан, Түркістан облысының диқандары сенсация жасады. Жетісайдың тәтті қауындары Ресей астанасына тонналап жөнелтіліп жатыр. Мәскеуге аттанып жатқан бұл қандай қауын?

Әдетте шаруаның еңбегін жейтін делдалдар бұл жолы жағада қалды. Жетісайлық белгілі диқан Әл-Фараби Күзенбаев ешкімге жалынбай, өнімін тікелей егістік басынан-ақ сатып жатыр. Бағасы да ерекше – келісіне 650 теңге!
«Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті, бірақ сұраныс сұмдық. Делдалсыз, тура егістіктен көліктерге тиеп жіберіп жатырмыз», – дейді шаруа қуанышын жасыра алмай.
Шаруа қожалығы өзінің 40 гектар жеріне қауынның атақты «Нұр-Бакинка» сортын еккен. Көктемгі толассыз жауын-шашын жоспарды сәл бұзып, қауын 65 күннің орнына 80 күнде пісті. Бірақ бұл өнімнің сапасына еш әсер етпеген, керісінше, дәмі тіл үйіреді. Шаруаның айтуынша, әкімдік су арналарын уақытында тазалап бергендіктен, судан таршылық көрмеген.
Жетісай ауданы биыл нағыз рекорд орнатуды көздеп отыр. 17,1 мың гектар жалпы бақша өнімдері. Оның 14,2 мың гектары тек қана қауын. 3 мың гектары сулы әрі тәтті қарбыз.

Айта кетейік, өткен жылы жетісайлықтар 510 мың тонна өнім жинап, тарихқа енген болатын. Биыл бұл көрсеткіштен де асып түсуі әбден мүмкін.
Ал сіз биыл Жетісайдың алғашқы қауынынан дәм таттыңыз ба?



