Басты жаңалықтар

Есірткі қылмысына қарсы комитет төрағасы қызметінен шеттетілді

Астанада Қазақстан Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан қызметтік тексеру кезеңінде өз міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілді, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді. Бұған дейін әлеуметтік желілерде оған қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, комитет басшысының үстінен 20-ға жуық қызметкерден ұжымдық шағым түскені хабарланған.

ІІМ мәліметінше, бірқатар қызметкерлердің өтініштері негізінде материалдар белгіленген тәртіппен тіркелген. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды жан-жақты әрі объективті анықтау мақсатында тексеру шаралары жүргізілуде.

«Аталған тұлға тексеру кезеңінде қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетілді», – деп хабарлады министрлік өкілдері.

Данияр Мейірхан – полиция полковнигі. Ол 2012–2022 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде түрлі басшылық қызметтер атқарған.

2023–2024 жылдары ҚР ІІМ Қостанай академиясы жүйесінде қызмет етіп, академия басшысының орынбасары лауазымына дейін көтерілген.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары болған. Сол жылдың желтоқсанынан бастап төраға міндетін атқарып, 2025 жылдың қыркүйегінен бері комитет төрағасы қызметін атқарып келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button