Басты жаңалықтар

ТҮЛКІБАСТЫҚ ДИҚАНДАР СУ ҮНЕМДЕУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫН ТАҢДАДЫ

Су тапшылығы мәселесін шешудің ең тиімді жолы — заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу. Түлкібас ауданында осы бағыттағы жұмыстар қарқын алып, 6 ірі шаруашылық 500 гектар алқапты тамшылатып немесе жаңбырлатып суару жүйесіне көшіруді мақсат етіп отыр. Бұл өңірдің аграрлық әлеуетін дамытудағы маңызды қадам, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Атап айтқанда, «Кен Тау» ЖШС мен «Алмалы сай» АӨК әрқайсысы 50 гектардан, «Бірлік» шаруа қожалығы 125 гектарға, «Қызыл Жар» ЖШС 146 гектарға, «Елена и К» өндірістік кооперативі 42 гектарға, ал «Мақұлбек» ЖШС 115 гектар алқапқа заманауи суару жүйелерін енгізеді. Аталған шаруашылықтар су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсаған шығындарына мемлекет тарапынан қолдау ала алады. Бұл өз кезегінде агроөнеркәсіп саласында жаңа технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

Өткен жылы ауданда 278 гектар егістік алқап пен жеміс бауларына су үнемдеу жүйелері енгізілген болатын. Соның нәтижесінде бұл технологияға қызығушылық танытқан шаруалардың қатары артып келеді. Қазіргі таңда аудан аумағында 3 мың гектардан астам алма бауы бар. Оның ішінде 700 гектар алқапта тамшылатып суару әдісі қолданылып, жоғары өнім көрсеткіштеріне қол жеткізілуде. Биыл бұл көрсеткіш «Кен Тау» ЖШС мен «Алмалы сай» АӨК есебінен тағы 100 гектарға ұлғаяды деп күтілуде.

Жалпы су үнемдеу технологияларын енгізу — су ресурстарын тиімді пайдаланып қана қоймай, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға және өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button