Түркістанда төрт жаңа су қоймасы салынады

Нұржан Нұржігітов Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі су шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жоспарларды таныстырды. Ордабасы ауданында өткен есептік кездесуде министр алдағы вегетациялық кезеңге дайындық барысын баяндады, деп хабарлайды turkistanlife.kz

2028 жылға дейін жүзеге асырылатын кешенді жоспарға сәйкес, облыста төрт бірдей жаңа су қоймасы салынады. Қазіргі таңда «Бәйдібек ата» және «Қарақуыc» су қоймаларының құрылысы аяқталуға жақын. Ал «Иқан-су» мен «Боралдай» су қоймаларының жобалық құжаттары әзірлену үстінде.
Бұдан бөлек, өңірде үш су қоймасын қайта жаңғырту және тағы үш нысанның қорғанысын күшейту көзделген. Сонымен қатар 15 коммуналдық су қоймасы күрделі жөндеуден өтіп, 40 гидротехникалық нысан толық тексерістен өтеді.

Суармалы жер көлемін арттыру бағытында да нақты нәтижелер бар. Ирригациялық каналдарды жөндеу және қайта жаңғырту бойынша төрт жоба аяқталып, 24,5 мың гектардан астам жер сумен қамтамасыз етілген. Ал биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінде 115 канал жаңғыртылып, 103 канал автоматтандырылуда.
Министрдің айтуынша, климаттың өзгеруі су ресурстарын басқаруда жаңа талаптар қойып отыр. Осыған байланысты су инфрақұрылымын жаңғырту – негізгі басымдықтардың бірі.
— Су ресурстарын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты міндеті. Жаңа жобалар су шығынын азайтып, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына мүмкіндік береді, – деді Нұржігітов.

Шаруаларды қолдау мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізуге берілетін субсидия көлемі де артқан. Енді ұңғыма бұрғылау, инфрақұрылым тарту және қажетті жабдық сатып алу шығындарының 80%-ға дейінгі бөлігі өтеледі.
Нәтижесінде елімізде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі 543,5 мың гектарға жеткен. Түркістан облысының өзінде қосымша 82 мың гектар жерге заманауи суару жүйелері енгізіліп, 124,5 млн текше метр су үнемделген.

Сонымен қатар, ирригациялық жүйелерді басқаруды жетілдіру үшін заңнамалық өзгерістер қабылданып, судың «көлеңкелі айналымына» қарсы арнайы жол картасы іске қосылған.
Кездесу барысында тұрғындар каналдарды тазалау, бұлақтарды қалпына келтіру және су үнемдеу мәселелерін көтерді. Министр көтерілген сұрақтар бойынша тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді.



